Жаңалықтар архивы

10 мамыр, 2020
1095

АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен «Электр энергиясы мен қуаты рыногының қазақстандық операторы» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

1 Фото
Қолданылған материалдар:

АХҚО Жасыл қаржы орталығы (AIFC GFC) мен «Электр энергиясы мен қуаты рыногының қазақстандық операторы» АҚ («ЭҚРҚО» АҚ) жасыл қаржы және жасыл экономиканы жылжыту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум шеңберіндегі тараптардың бірлескен қызметі Қазақстан мен Орта Азия аймағында жасыл қаржы құралдары нарығын дамытуға, сондай-ақ семинарларға, конференцияларға, бизнес-форумдарға және басқа іс-шараларға қатысу арқылы тәжірибе мен білім алмасуға бағытталған.

2018 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері жобаларын таңдауға бағытталған аукциондық сауда механизмі енгізілді. «ЭҚРҚО» АҚ аукциондық сауданың ұйымдастырушысы ретінде елімізде жасыл технологияларға көшу және Қазақстанда жаңартылатын энергия үлесін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға белсенді қатысады.

«ЭҚРҚО» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Ілияс:

«AIFC GFC-пен ынтымақтастық қаржыландыру мен жасыл қаржыландыруды техникалық көмекпен қамтамасыз ету, консультациялық және нормативтік ақпарат ұсыну мәселелері бойынша әр тарапқа пайдалы әсер етеді, сондай-ақ өзара сенімділікті арттырады».

AIFC GFC Бас директоры Әсел Нұрахметова:

«Біз электр энергиясы нарығының ұлттық операторы ретінде жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын таңдау бойынша электрондық сауда-саттыққа техникалық қолдау көрсететін, сол арқылы елдің жасыл энергетикасын дамытуға елеулі үлес қосатын «ЭҚРҚО» АҚ-мен ынтымақтастық орнатуға қуаныштымыз. AIFC GFC, өз кезегінде, нақты жасыл жобаларды іске асыру үшін арзан қаражат тартуға мүмкіндік беретін Қазақстанда жасыл қаржы құралдарының тұрақты нарығын қалыптастыруға үлкен қызығушылық білдіреді. Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Орталық Азияның жасыл жобаларына инвестиция тартуға және жасыл қаржы нарығын дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз».

AIFC GFC нормативтік базаны құру және Қазақстанның жасыл қаржы жүйесін қалыптастырудың заңнамалық стандарттарын енгізу, АХҚО биржасының платформасында жасыл облигациялардың эмитенттеріне консультативтік қолдау көрсету, жасыл қаржыландыру саласында зерттеулер жүргізу, қоғамның хабардарлығын арттыру және тренингтер мен жаңа платформа - жыл сайынғы Жасыл өсу форумының көмегімен бизнес-қауымдастықтың әлеуетін арттыру арқылы Қазақстан мен аймақтағы жасыл қаржыландыру және жасыл облигациялар нарығын дамыту бойынша жұмыс істейді.


  

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО. Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. «АХҚО туралы» конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі жетекші қаржылық қызмет көрсету орталығын құру. АХҚО міндеті ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпал ету, қаржылық қызметтер саласына инвестиция тарту үшін тартымды жағдай жасау, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz

AIFC GFC Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржы құралдарын енгізуге, Астана халықаралық қаржы орталығын жасыл қаржыландыру хабы ретінде жылжытуға және Қазақстанға жасыл инвестициялар тартуға жауапты Астана халықаралық қаржы орталығының ұйымы болып табылады. https://gfc.aifc.kz/

«ЭҚРҚО» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 20 сәуірдегі № 606 «Электр энергиясы мен қуаты көтерме рыногының тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы» қаулысына сәйкес электр энергиясы мен қуаттылықтарының көтерме нарығын одан әрі жетілдіру мақсатында құрылған ұйым. http://www.korem.kz.