Жаңалықтар архивы
Қазақстанда генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттық өтті
2025 жылғы 15 желтоқсанда сағат 09:00-де «KOREM» АҚ сауда алаңында Қазақстан Республикасы Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Солтүстік аймағы (Астана қ.) үшін маневрлік генерация режиміндегі жаңадан іске қосылатын генерациялаушы қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілді.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2025 жылғы 13 маусымдағы №237-н/қ бұйрығымен бекітілген маневрлік генерация режиміндегі жаңадан іске қосылатын генерациялаушы қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттық өткізу кестесіне сәйкес, электр қуатының дайындықты қолдау қызметінің көлемі 500 МВт-ты құрады, ал аукционның шекті бағасы 16 299 800 теңге/МВт*ай деңгейінде белгіленді.
Аукциондық сауда-саттыққа қатысуға 2 компания жіберілді. Сауда сессиясы барысында қатысушылар тарапынан 5 баға ұсынысы берілді. Берілген өтінімдердің жиынтық көлемі 1 000 МВт-ты құрады. Аукцион нәтижесі бойынша сатылған қуаттың жиынтық көлемі 500 МВт болды.
Маневрлік генерация режиміндегі жаңадан іске қосылатын генерациялаушы қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттықта баға ұсыныстарының диапазоны 16 299 800 теңгеден 16 259 800 теңгеге дейін төмендеді (ҚҚС-сыз). Шекті аукциондық бағадан төмендеу деңгейі 0,25 %-ды құрады.
Аукциондық сауда-саттықтың жеңімпазы болып:
• 500 МВт көлемімен және 16 259 800 теңге/МВт*ай бағасымен (ҚҚС-сыз) «Green Era company» ЖШС танылды.
Маневрлік генерация режиміндегі жаңадан іске қосылатын генерациялаушы қондырғылардың құрылысы бойынша өткен аукциондық сауда-саттыққа бақылаушы ретінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, ЖЭК қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы ЖШС-нің, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ-ның және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты. Бақылаушылар аукцион ұйымдастырушысы – «KOREM» АҚ электрондық сауда жүйесінің жұмысы толықтай ашық әрі айқын өткенін атап өтті.










