Сала жаңалықтары архивы

23 желтоқсан, 2020
1059

Қазақстан елді электрлендірудің 100 жылдығын тойлауда

1 Фото
Қолданылған материалдар:

1920 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстанды электрлендіру жоспары қабылданды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан аумағыдағы алғашқы гидравликалық станция 1892 жылы салынды. ХХ ғасырдың басында республика аумағындағы барлық электр станцияларының қуаты 2,5 МВт-тан аспады. 1920 жылы Кеңес Одағын электрлендіру жоспары қабылданды, оған Қазақстан Республикасы кірді. ХХ ғасырдың 30-жылдарына қарай Қазақ КСР-дегі электр станцияларының қуаты 12,5 МВт-қа жетті. Бүгінгі таңда энергетиктердің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның жалпы энергетикалық қуаты 23 мың МВт-тан асады, 2020 жылы 105 млрд кВт-тан астам электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр, оның 3% жаңартылатын энергия көздеріне жатады.

Бірқатар энергетиктер, сала ардагерлері энергетика жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды.

Өзінің құттықтау сөзінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 1920 жылы қабылданған электрлендіру жоспары еліміздің өндірістік дамуының негізі болғанын және электр энергетикалық кешенінің басым дамуының негізін қалағанын атап өтті.

- Біздің энергетиктеріміздің жоғары кәсіби және қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан осы қағидаттарды қазіргі уақытқа дейін ұстанып келеді», - деді Нұрлан Ноғаев. - Еліміздің энергетика саласы ең күрделі мәселелерді шешеді, біздің азаматтарымызды жылумен және жарықпен үздіксіз қамтамасыз ете отырып,  ірі инженерлік жобаларды жүзеге асырады. Бүгін біз жылдар бойы еліміздің энергетикалық жүйесін өз қолдарымен жасаған адамдарға құрмет көрсетеміз. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының сенімді жұмыс істеуі – оның табысты жұмысы мен тиімді дамуына байланысты.

Электрлендіру жоспарының 100 жылдығына орай 22 желтоқсанда, сағат 18:00-де «Хабар» телеарнасында «Біздің заманымыздың Прометейі» атты фильмнің премьерасы болады.