Сала жаңалықтары архивы

09 ақпан, 2021
528

Жаңартылатын энергетиканы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет — А. Мамин

1 Фото
Қолданылған материалдар:

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту мәселелері қаралды.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

«Елдегі экологиялық жағдайды жақсарту Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған басым міндеттерінің бірі. Экология мен қоршаған ортаны жақсарту құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздері. Аталған саланы дамыту үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет», — деді А. Мамин.

2020 жылы Қазақстанда қуаттылығы 583 МВт болатын 25 ЖЭК нысаны – 10 жел, 1 су және 12 күн электр станциялары пайдалануға берілді. Жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру 2019 жылдағымен салыстырғанда 74%-ға 3,24 млрд кВтс-қа дейін (елде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 3%-ы) өсті. Биыл 381 МВт-қа 23 жоба жүзеге асырылады — 13 ЖЭС, 5 СЭС және 5 КЭС.

«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі ҚР-ның іске асырылып жатқан тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай өндірілетін электр энергиясының жартысы баламалы энергетикадан алынады. Бұл Қазақстан Республикасының төмен көміртекті және климаттық орнықты даму жөніндегі Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ жаһандық трендтерге сәйкес «жасыл энергетиканы» дамытуға жол ашады.

Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне Экология министрлігімен және «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп, электр энергиясының тұрақты өндірісін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ ЖЭК жинақтауыштарын енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтауды тапсырды.

Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ЖЭК өңірлік аймақтарын құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

«Газ электр станцияларын іске қосу ЖЭК қосымша көлемдерін интеграциялау бойынша энергия жүйесінің мүмкіндіктерін ұлғайтуға жол ашады. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп, 2022 жылдан бастап теңгерімдеуші нарықты нақты уақыт режимінде іске асыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын», — деді А. Мамин.