Сала жаңалықтары архивы
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Еуропа Қайта Құру және Даму банкі (бұдан әрі – «ЕҚДБ») Қазақстандағы электр энергетикасы және газ инфрақұрылымы секторларын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын («Стратегия») әзірлеу мен іске асырудағы өзара түсіністік туралы меморандумға (бұдан әрі – «Меморандум») қол қойды.
Стратегия 2060 жылға қарай климат және энергетика саласындағы саясат пен нормативтік ережелерге кезең-кезеңмен мақсаттар мен іс-әрекеттерді енгізу арқылы Қазақстанның энергетикалық және газ инфрақұрылымының көміртегі бейтараптылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Меморандум ынтымақтастық шеңберін белгілейді және электр энергетикасы мен газ инфрақұрылымы секторында көміртегі бейтараптылығына қол жеткізудің тұрақты жолын құруға негізін қалайды. Сонымен қатар, оның Париж келісімінің мақсаттары мен Қазақстан халқының игілігі үшін ұзақ мерзімді дамуына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
«Еуропа Қайта Құру және Даму банкімен көп жылдық ынтымақтастық энергетика секторында қойылған міндеттерге қол жеткізуге көмектеседі. Энергетиканы ұзақ мерзімді тұрақты дамыту үшін инновациялық шешімдерді іздестіру бірлескен жұмыстың маңызды негізі болып табылады», - деп атап өтті Меморандумға қол қою кезінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Меморандумға ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо ханымның Қазақстанға виртуалды сапары кезінде қол қойылды. ЕҚДБ жаңартылатын энергия көздерін ілгерілету және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жобаларды қаржыландырудағы алғашқы инвестор болып табылып, Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізі өңірлеріндегі жаңартылатын энергия көздеріне ірі инвесторға айналды.