Сала жаңалықтары архивы
Мағзұм Мырзағалиев электр энергетикасы саласындағы үш инвестициялық жобаны ұсынды
Павлодар облысында Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында электр энергетикасы саласында үш инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
Ведомство басшысы Екібастұз қаласы елдің энергетикалық орталығы болып табылатынын және онда бүкіл ел генерациясының 40%-дан астамы өндірілетінін атап өтті. Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймағының негізгі энергия көздері болып табылады.
1. Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 Энергия блогын қалпына келтіру.
Жобаны іске асыру мақсаты станция қуатын 500 МВт-қа ұлғайту болып табылады. Бұл Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіндегі тұтынудың болжамды өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвестициялар сомасы 66,5 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске асырушы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ы. Қазіргі уақытта Екібастұз ГРЭС-1 жобасының дайындығы 41,8%-ды құрайды. Жобаны аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланған.
2. Екібастұздағы ГРЭС-2 үшінші энергия блогын салу
Жоба 2025 жылға дейін қуаты 636 МВт жаңа энергия блогын салуды көздейді - станцияның белгіленген қуаты 1 636 МВт-қа дейін ұлғайтылатын болады. Жобаны іске асырушы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ы. Қазіргі уақытта жобаның ЖСҚ түзету бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталатын болады.
3. Қуаты 500 кВт жаңа кіші станция салу.
Екібастұз қаласының индустриялық аймағын электрмен жабдықтау екі жаңа электр беру желісін салу арқылы жүзеге асырылатын болады. Жобаны іске асырушы – «KEGOC» АҚ-ы. Болжамды құны шамамен 16 млрд. теңге. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді 2022 жылдың II тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру өндірістік объектілерді кеңейтуге және индустриялық секторға ірі инвесторларды тартуға ықпал ететін болады.