Сала жаңалықтары архивы

20 сәуір, 2022
428

ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы Петропавл ЖЭО-да болды

1 Фото
Қолданылған материалдар:

2022 жылғы 16 сәуірде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында ҚР Энергетика министрлігінің, Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) әкімдігінің өкілдері Петропавл ЖЭО-да болып, энергетикалық кешеннің ағымдағы жағдайымен танысып, станцияны аралап шықты.

Жылу орталығын аралағаннан кейін Министрлік, облыс әкімдігі, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдерінің және станция басшылығының қатысуымен Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңес аясында 2021 жылы жүргізілген күрделі жөндеу көлемдерінің, апаттық аялдамалардың өзекті мәселелері, ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына уақытылы, сапалы дайындық тәуекелдері талқыланды.

ҚР Энергетика министрлігі авариялық оқиғадан кейін техникалық жағдайға бағалау жүргізу үшін Петропавл ЖЭО-ға тәуелсіз сараптама комиссиясын жіберді, оның қорытындысы бойынша Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалыпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді.

Жол картасы ЖЭО-ны алдағы жылу беру маусымына уақтылы және сапалы дайындауды қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаржыландырудың жалпы сомасы 17,5 млрд теңгені құрайтын 5 блокқа бөлінген.

Кеңес қорытындысы бойынша жүргізілген сараптама мен талдау нәтижелерін ескере отырып, ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов станция басшылығына алдағы жылыту маусымына ЖЭО-ны сапалы дайындауға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Анықтама үшін:

Петропавл ЖЭО 1961 жылы пайдалануға берілді және СҚО-дағы электр және жылу энергиясының жалғыз көзі болып табылады.

Станцияның белгіленген электр қуаты 541 МВт құрайды, жылу қуаты сағатына – 713 Гкал.

Станцияның негізгі жабдықтарының физикалық тозуы 56,1% құрайды.

2021 жылы Петропавл ЖЭО 2,709 млрд. кВтсағ. электр энергиясын өндірді, облыс пен Петропавл қаласының ішкі тұтыну көлемі кезінде-1,729 млрд. кВтсағ.