Сала жаңалықтары архивы
Курчатовта атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық семинар өтті
2022 жылғы 18 мамырда Курчатов қаласында ҚР Ұлттық ядролық орталығында АҚШ, Ресей, Жапония, Корея Республикасы, Еуропалық Одақ елдері және т.б. елдерден келген мамандардың қатысуымен «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа – 30 жыл» атты халықаралық ғылыми-техникалық семинар өтті.
Семинар кәсіпорын қызметінің барлық бағыттары бойынша ғылыми зерттеулердің қорытындылары шығарылған, қазақстандық және халықаралық ұйымдармен одан әрі ғылыми-техникалық даму перспективалары талқыланған үлкен диалог алаңына айналды.
Семинарды бейнеконференция форматында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Б.О. Ақшолақов ашты. Ол өз сөзінде:
- Ұлттық ядролық орталық саяси және экономикалық өлшемдер бойынша күрделі уақытта құрылды, бірақ құрылу кезеңіндегі барлық қиындықтарды еңсере отырып, кәсіпорын қарқынды дамыды және қызметінің стратегиялық бағыттары бойынша маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Кәсіпорын қызметінің нәтижелері Қазақстанның мақтанышы болып табылады. Орталық – мемлекетіміздің ядролық қарусыздану және таратпау процесінің көшбасшысы. Ол атом энергиясын бейбіт дамыту қағидаттарын ұстанатын халықаралық қоғамдастықтың жауапты қатысушысы ретінде орнығуына қомақты үлес қосуда.
Бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен салдарын жою бойынша жүргізілген теңдесі жоқ, ауқымды жұмыстар бүкіл әлемге белгілі. Ядролық сынақтардың барлық инфрақұрылымы оны мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік бермейтін күйге келтірілді. Бүгінгі таңда маңызды ақпаратқа қол жеткізуге жол бермейтін сенімді тосқауылдар жасалып, ойдағыдай жұмыс істеуде. Аталған жұмыстардың нәтижелері ең жоғары халықаралық деңгейде атап өтілді,- деп атап өтті.
Қатысушыларға өзінің құттықтау сөзін жолдай отырып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.К. Ахметов: «30 жыл ішінде қазақстандық және шетелдік жетекші ұйымдармен бірлесіп атом энергетикасы, ядролық қаруды таратпау, радиоэкология, бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағын оңалту және басқа да маңызды және өзекті бағыттар саласында бірегей ғылыми-техникалық жобалар іске асырылды, эксперименттік база жаңғыртылып, ғалымдар мен инженерлердің жаңа буыны даярланды.
Бұл жобалар бүкіл әлемге белгілі.
«Тәжірибе алаңын» қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ең ауқымды жобалардың бірін іске асыруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен салдарын жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Бұрынғы ССП әскери-өнеркәсіптік кешенін ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бірегей алаңға конверсиялау жұмыстары ойдағыдай жүргізілді. Зерттеу реакторларын конверсиялау жобасы ойдағыдай іске асырылуда. Осыдан бірнеше күн бұрын аз байытылған уран отыны бар ИВГ.1М зерттеу реакторын физикалық іске қосу жүргізілді. Осындай жаһандық жобаны іске асыру – Қазақстанның ядролық қарудың таралу қаупін азайту жөніндегі халықаралық міндетті шешуге қосқан тағы бір маңызды үлесі», - деп атап өтті.
Сондай-ақ Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бородавкин Алексей Николаевич, АҚШ Қорғаныс министрлігі Қауіп-қатерді азайту агенттігінің Қауіп-қатерді бірлесіп азайту бағдарламасының директоры Dr. Pope Robert (АҚШ, DTRA) және т.б. құттықтау сөз сөйледі.
Анықтама үшін: 2022 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының (ҚР ҰЯО) құрылғанына 30 жыл толды.
Осы жылдар ішінде ҚР ҰЯО халықаралық қоғамдастықпен бірлесіп бұрынғы Семей сынақ полигоны (ССП) аумағында ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымын және оның салдарын жою бойынша кең ауқымды қызмет жүргізді, ССП-ның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсаттарға конверсиялауды жүзеге асырды, атом энергетикасында, радиациялық экологияда елеулі нәтижелерге қол жеткізді, басқарылатын термоядролық синтез технологиялары, сутегі энергетикасы, климаттың өзгеру проблемалары сияқты жаңа бағыттарды дамыта бастады.