Сала жаңалықтары архивы
Қазақстанда жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар арасында 550 МВт жаңа генерация құрылысына аукциондық сауда-саттық жоспарлануда
ҚР Энергетика министрлігі 2022 жылғы 30 қыркүйекте генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарлайды.
Аукциондық сауда-саттықты өткізу графигімен мына сілтеме бойынша: https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/documents/details/330781?lang=ru, аукциондық құжаттамамен мына сілтеме бойынша: https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/documents/details/335431?lang=ru танысуға болады.
Осы аукциондық сауда-саттық шеңберінде электр энергиясын өндіру үшін судың гидродинамикалық энергиясын және (немесе) газды пайдаланатын жобаларды іске асыруға тиіс жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардың алаңдарында генерацияның маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғылар салуды көздейтін жобаларды іріктеу көзделеді.
Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша іріктеуге жоспарланған көрсетілетін қызмет көлемі 550 МВт құрайды.
Аукциондық сауда-саттық жеңімпазы 2025 жылға қарай генерациялайтын қондырғының құрылысын аяқтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы заңнамада көзделген талаптарды орындауға міндетті.
Өз кезегінде, инвестор үшін электр қуаты нарығы шеңберінде 15 жыл ішінде «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС тарапынан енгізілген электр қуаты көлеміне салынған инвестициялардың кепілдендірілген қайтарымы қамтамасыз етілетін болады.
Аукциондық сауда-саттық тетігі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі реттеу қуатының тапшылығын жабу мақсатында, сондай-ақ халықты және кәсіпкерлік субъектілерін сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін енгізілді.