Сала жаңалықтары архивы
Президент Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын 2023 жылғы 2 ақпандағы № 121 Жарлығымен бекітті.
Қазақстан Үкіметіне Стратегияны жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды, Жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктелді.
Жарлық оған қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізілді. Ол "Әділет" АҚЖ сайтында жарияланған.
Атап айтқанда, Қазақстан 2016 жылғы 2 тамызда Париж келісіміне қол қойып, оны 2016 жылғы 6 желтоқсанда ратификациялады. 2015 жылғы қыркүйекте Париж келісіміне ресми қол қояр алдында Қазақстан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының шеңберінде өз ҰДАС-ын ұсына отырып, оның мақсаттарын ұстанатынын көрсетті, ол мынадай мақсаттарға қол жеткізуді болжайды:
- 2030 жылғы желтоқсанға қарай ПГ шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда 15 %-ға міндетті түрде қысқарту;
-
қосымша халықаралық инвестициялар, төмен көміртекті технологияларды, Жасыл климаттық қордың қаражатын беру тетігіне қолжетімділік және өтпелі экономикасы бар елдер үшін икемді тетік болған жағдайда, 2030 жылғы желтоқсанға қарай ПГ шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда шартты түрде 25 %-ға қысқарту.
2020 жылғы желтоқсанда Климаттың өзгеруіне байланысты өршіл міндеттер жөніндегі саммитте Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Париж келісімі бойынша міндеттемелерін растап, жаңа мақсат - Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі туралы жариялады.
Осылайша, осы Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы жаһандық климаттық үрдістерді ескере отырып және тиісті халықаралық міндеттемелерді орындау үшін әзірленді. Стратегия әл-ауқатты, орнықты экономикалық өсуді және әділ әлеуметтік прогресті қамтамасыз ету үшін экономиканы дәйекті түрде трансформациялау жөніндегі жалпыұлттық тәсілдерді, мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайды және мемлекеттік саясаттардың келісімділігі мен үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін қабылданады.
Стратегияда Қазақстанның экономикасын Трансшекаралық көміртекті реттеу тетігін енгізу, ESG қағидаттарын тарату, "жасыл" инвестицияларды ілгерілету және тарту, энергиялық жағынан тиімді өндіріс, электрлендіру және басқалар сияқты жаһандық климаттық үрдістерге бейімдеу қажеттігі ескеріледі.