Сала жаңалықтары архивы
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр электр энергетикасын өндіру саласында жаңа технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Елімізде энергия көздерінің қуатын арттыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Өткен жылы алғаш рет жаңа станциялар салу бойынша аукциондар өткізілді. 2026 жылға қарай Алматы, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында жалпы қуаты 1700 МВт болатын икемді генерациялау көздері пайда болады. Қосымша қуаты 1300 МВт-тан асатын жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту бойынша инвестициялық келісімдер басталды», - деді Роман Скляр парламенттік тыңдау барысында.
Оның айтуынша, заманауи технологияларды енгізе отырып, жаңа Екібастұз ГРЭС-3 құрылысының жол картасы әзірленді. «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2-де қосымша энергия блоктарын салу жобасын іске асыруда. Сонымен қатар, Ақсу ГРЭС-ін кеңейту жоспарлануда.
«Өткен жылы қуаты 385 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия нысаны іске қосылды. Биыл қуаты 276 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 15 нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерін өндіру үлесі 5%-ға дейін өседі. 2025 жылға дейін қуаты 757 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 41 жобасын пайдалануға беру жоспарлануда», - деп толықтырды Роман Скляр.