Сала жаңалықтары архивы

31 наурыз, 2023
462

Будапештте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің 3-ші отырысы өтті

1 Фото

2023 жылғы 30 наурызда Будапешт қаласында Мажарстан Республикасының төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің 3-ші отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі – Асхат Хасенов, Әзербайжан Республикасының Энергетика министрі – Парвиз Шахбазов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрінің міндетін атқарушы – Таалайбек Ибраев, Түркия Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрі – Фатих Донмез, Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі – Петер Сийарто, Өзбекстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары – Азим Ахмедхаджаев, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы – Куанычбек Омуралиев қатысты.

Делегация басшылары ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика салаларын тұрақты дамытудың басым бағыттарын талқылады.

ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің айтуынша, Қазақстан ТМҰ-ға қатысушы және бақылаушы барлық елдермен екіжақты ынтымақтастықты белсенді дамытуда.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалар үшін инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған тетіктердің бірі ретінде теңізде де, құрлықта да күрделі жобалар үшін бірқатар преференциялар ұсынатын жаңа тетік – жақсартылған модельдік келісімшартты енгізуді көздейтін заңның жақында қолданысқа енгізілгені туралы хабарлады. Сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушыларды жаңа кен орындарын игеруге қатысуға шақырды.

Сонымен қатар қосалқы құны жоғары өнімдер шығару арқылы мұнай-газ химиясын, сутегі, атом энергетикасы және ЖЭК дамыту бойынша басымдықтар айтылды.

ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің үшінші отырысы шеңберінде тараптар ТМҰ энергетикалық ынтымақтастық бағдарламасы (2023-2027) және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарды талқылады.

Тараптар энергетика саласындағы мүше мемлекеттер мен бақылаушылар үшін оқу бағдарламаларын іске асыру, сутекті өндіруге, оны сақтауға және тасымалдау жөніндегі жаңа технологияларды әзірлеуге бағытталған халықаралық сутегі консорциумын құру жөніндегі одан әрі жоспарларды белгіледі.

Отырыс аясында Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Мажарстан министрлерімен екіжақты кездесулер өтті.