Сала жаңалықтары архивы
Мемлекет басшысы ҚХР-ға жұмыс сапарында State Power Investment Corporation компаниясының басқарма төрағасы Цянь Чжиминьмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруды талқылады. Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанның жасыл энергетика саласындағы жобаларына белсенді инвестиция құяды.
Президент компанияның Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жөніндегі бастамасын қолдады. Мемлекет басшысына State Power Investment Corporation компаниясының Қазақстанда жел электр станцияларына арналған құрал-жабдық өндірісін іске қосу ниеті туралы мәлімет берілді.
Өз кезегінде Цянь Чжиминь әлеуметтік жауапкершілік аясында оның компаниясы Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 ГКаллға дейін жететін жылу станциясын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Фото: Akorda.kz