Сала жаңалықтары архивы
ҚР Энергетика министрлігінде электр энергиясы нарығының жаңа моделінің жұмыс істеуінің ағымдағы мәселелері талқыланды
ҚР Энергетика министрлігінде электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің, «Атамекен» ҰКП, Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығы, «Энергосервис Альянсы» ЗТБ, «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында қатысушылар электр энергиясын Бірыңғай сатып алушының және Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ қатысушылар ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсыныстарын қарады, халыққа қызмет көрсететін энергия сатушы компаниялар үшін атаулы қолдау мәселелері және теңгерімдеуші нарықта электр энергиясын тұтынудың жоспарланған графигінен жіберілген ауытқуларға жол бергені үшін теңгерімсіздіктерді төлеу мәселелері көтерілді.
ҚР Энергетика министрлігі нарық қатысушыларын мүдделі тараптармен бірлесіп барлық ұсыныстарды пысықтау және шоғырландырылған шешімдерді әзірлеу туралы хабардар етті.