Сала жаңалықтары архивы

29 қыркүйек, 2023
369

Siemens Energy Қазақстандағы энергетикалық жобаларға атсалысуға дайын

1 Фото

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Германияға жұмыс сапары барысында Siemens Energy компаниясының өкілдерімен кездесіп, компанияның Қазақстандағы ірі энергетикалық жобаларға атсалысу мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда электр энергиясына деген орта мерзімді сұранысты қамтамасыз ету үшін энергия өндірудің жаңа көздерін жаңғырту және іске қосу бағытында жобалар жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Министрлік Siemens Energy компаниясымен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Соның ішінде, аукцион шеңберінде жүзеге асырылатын Түркістан облысындағы жалпы қуаты 1000 МВт генерациялық маневрлік режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, Қазақстан БЭЖ-нің Батыс және Оңтүстік аймақтарындағы электр желісін нығайту және Батыс және Оңтүстік өңірлердегі тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың қуаттылығы мен сенімділігін арттыруды көздейтін электр желілері объектілерін салу жобалары бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Сонымен бірге, Siemens Energy технологиясын пайдалана отырып, қуаттылығы 600 МВт Алматы ЖЭО-2 және қуаты 480 МВт ЖЭО-3 көмірден газға ауыстыру жобаларын іске асыру көзделуде.

Кездесу барысында ҚР Энергетика министрі компанияны аталған жобаларды бірлесе атқаруға шақырды. Siemens Energy компаниясының өкілдері қазақстандық делегацияның  назарына энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту саласындағы инновациялық жаңалықтарын ұсынды. Компания Қазақстандағы энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеп, қажетті жабдықтарды жеткізуге мүдделі екенін атап өтті. Жақын арада Siemens Energy компаниясымен одан әрі ынтымақтастық  мәселесі егжей-тегжейлі пысықталатын болады.

Сапар барысында қазақстандық делегация Германияның DENA энергетикалық агенттігінің өкілдерімен кездесті. Агенттік мамандары Қазақстанда жүзеге асыру жоспарланған карбон менеджментке арналған пилоттық жобаны, сондай-ақ СО2 ұстау және сақтау бойынша бірегей әзірлемелерді таныстырды. Тараптар өзара серіктестіктің келешегін зерделеуге келісті.