Сала жаңалықтары архивы

02 мамыр, 2024
298

Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан Энергетика министрлігінің басшылары республикалардың энергетикалық жүйелерін жүйеаралық біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

1 Фото

Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан энергетика министрліктерінің басшылары Ташкент халықаралық инвестициялық форумы шеңберінде республикалардың энергетикалық жүйелерін жүйеаралық біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қол қойылған меморандумның мақсаты Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде ынтымақтастықтың негізгі шарттарын айқындау болып табылады.

Құжат қатысушылардың Әзірбайжаннан, Қазақстаннан және Өзбекстаннан техникалық және экономикалық тұрғыдан ең оңтайлы жасыл энергия саудасын жүзеге асыра отырып, Каспий теңізінің түбіне және басқа елдердің аумағына жоғары вольтты кабель төсеу арқылы энергия жүйелерін қосу мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті екенін көрсетеді.

Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұған дейін Каспий түбіне терең су кабелін төсеудің техникалық тапсырмасының жобасы қалыптасқанын атап өтті.

«Техникалық тапсырма шеңберінде халықаралық трансмиссиялық дәліздерді (қаржыландыру, кірістер ағыны және иелік ету) дамыту және Еуропалық Одақ елдеріне жасыл энергияны сату үшін болжамды бизнес-модель әзірленетін болады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде үш елдің энергетика министрліктері арасында Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум жобасы пысықталды», - деді А. Сәтқалиев.

Қазақстан Энергетика министрлігі басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда осы жобаны іске асырудың базалық тәсілдері талқыланып, келісілді және қазақстандық ведомство одан әрі толыққанды өзара іс-қимылға толық дайын.