Сала жаңалықтары архивы
Астанада электр энергиясының резервтік көлемін пайдалану және мұнай-газ кен орындарында ЖЭК жобаларын енгізу мәселелері талқыланды
2024 жылдың 17 мамырында «KEGOC» АҚ алаңында «KAZENERGY» қауымдастығы ҚР Энергетика министрлігінің және жер қойнауын пайдаланушылардың жетекші компанияларының (Теңізшевройл, NCOC) басшылары мен өкілдерін электр энергетикасы саласын дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде Батыс энергия торабын сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылардың іске қосылмаған энергетикалық қуаттарын пайдалануды және мұнай-газ кен орындарында жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын енгізуді талқылау үшін жинады.
Сондай-ақ, «KOREM» АҚ Басқарма Төрағасы Айдос Дәрібаев электр энергетикасы саласын дамыту үшін маңызды мәселелерді талқылауға қатысты.
Мұнай мен газдың негізгі өндірушілері шоғырланған Батыс аймақтың жұмысы елдің Бірыңғай энергия жүйесінен оқшауланғаны белгілі. Осыған байланысты, тұрақсыз энергиямен жабдықтау, жүйелі авариялық ажыратулар бүкіл өңір үшін, оның ішінде өндірістік және әлеуметтік объектілер үшін ірі мәселелер туғызады.
Бұл ретте, ТШО және NCOC кәсіпорындарының резервтік энергетикалық қуаттары ҚР Бірыңғай энергожүйесінің (KEGOC) Жүйелік операторына соңғы жылдары электр энергиясының қосымша көлемін беру жағдайын қалпына келтіруге бірнеше рет көмектескен. Ірі жер қойнауын пайдаланушылардың өнімді бөлу туралы Келісімге және әріптестікті қалыптастыру туралы Шартқа сәйкес электр энергиясын бөгде ұйымдар мен тұтынушыларға сатуға құқығы жоқ.
KAZENERGY ірі компанияларға электр энергиясын өндіруге жұмсалған шығындарды өтеу шартымен резервтік қуаттар шеңберінде генерацияның белгілі бір көлемін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Бұл ұсыныс сонымен қатар көтерме және теңгерімдеуші электр энергиясы нарығындағы субъектілердің қатынастарына қатысты бірқатар мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қатысушылар мұнай-газ кен орындарында ЖЭК жобаларын енгізу мәселелерін жөнінде пікір алмасты.
Бұл электр энергиясын өндіру үшін жер қойнауын пайдаланушылар жағатын тауарлық газдың бір бөлігін босатуға, генерацияның бір бөлігін өз қажеттіліктеріне пайдалануға, қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін азайтуға және ішкі нарыққа, оның ішінде болашақ мұнай-газ химиясы жобаларына қосымша тауарлық газ жеткізуге мүмкіндік береді.
Қатысушылар барлық тараптардың мүдделерін қанағаттандыратын және мұнай мен газ өндіруді жүзеге асыратын өңірлерді электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ететін өзара іс-қимыл жасауға және шоғырландырылған ұстанымды әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.