Сала жаңалықтары архивы
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің басшысы Орталық Азия елдері үшін энергетика саласындағы тәуекелдерді болжау тетіктерін әзірлеуді ұсынды
Сейсенбі күні Астанада Орталық Азия елдері энергетика министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің төрағалығымен өтті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесуді аша отырып, ҚР Энергетика министрлігінің басшысы энергетикалық ынтымақтастықты дамытудағы және Орталық Азия елдері арасындағы қалыптасқан байланыстарды нығайтудағы орасан зор әлеуетті атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде ОА елдері алдында тұрған сын-қатерлердің қатарында энергетикалық ресурстар жеткізілімдерінің тұрақтылығының жаһандық бұзылуы, мұнай мен газ бағасының ауытқуы және басқа да факторлар бар.
«Энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін қамтамасыз ету үшін осы сын - тегеуріндерді болжау және басқару тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет», - деді А.Сәтқалиев.
Ол сондай-ақ әріптестерін энергия ресурстары саудасының мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысты жандандыруға, сондай-ақ төмен көміртекті бағытты дамытуды, көміртекті бейтараптыққа және кезең-кезеңмен энергетикалық ауысуға қол жеткізуді жолға қоюға шақырды.
«Бұдан басқа, Орталық Азия елдерінің қазіргі заманғы энергетикалық инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру мақсатында инвестицияларды жан - жақты тарту және энергетика саласында ірі бірлескен технологиялық жобаларды іске асыру өңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңызды факторы болып табылады”, - деп атап өтті Министр.
А. Сәтқалиевтің пікірінше, газ саласында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін де зерделеу керек.
Қазақстан Энергетика министрлігінің басшысы қазіргі уақытта Қазақстан Әзірбайжан Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы жаһандық жобаны іске асыра бастағанын, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен Камбаратинская ГЭС-1 ауқымды гидроэлектростанциясының құрылысы бойынша белсенді талқылау жүргізіп жатқанын еске салды.
«Осыған байланысты өңір мемлекеттерімен, атап айтқанда газ саласында осындай жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша ОА энергетикалық ведомстволарының басшылары елдер арасындағы барлық негізгі бағыттар бойынша одан әрі табысты ынтымақтастықтың негізін қалайтын коммюникеге қол қойды.