Қазақстанда энергияны сақтау жүйелері бар ЖЭК аукциондарының бес жылдық кестесі бекітіледі
Энергетика министрлігі энергияны сақтау жүйелері (ЭСЖ) бар жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) аукциондарының бес жылдық кестесін бекітуді жоспарлап отыр. Бұл туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ведомствоның Астанадағы кеңейтілген алқасында баяндамасында айтты.
«Президенттің 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15%-ға жеткізу тапсырмасын орындау үшін ЭСЖ бар ЖЭК аукциондарының 5 жылдық кестесін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ Masdar, Total, Acwa Power сияқты ірі компаниялармен ЭСЖ бар ЖЭС салу жоспарлануда», – деді вице-министр.
Өткен жылы Қазақстанда аукциондық сауда-саттықта ЖЭК нысандарын салу жобалары анықталды.
«2022 жылы ЖЭК бойынша аукциондық сауда-саттықта жалпы қуаты 440 МВт 10 ЖЭК жобасы таңдалды, оның ішінде ЖЭС – 400 МВт, КЭС – 40 МВт. ЖЭС үшін тарихи ең төмен баға алынды – 12,49 теңге, яғни 1 кВт·сағ үшін 3 центтен аз, бұл әлемдік рекордқа жақын көрсеткіш», – деп атап өтті Жандос Нұрмағанбетов.
Министрліктің болжамы бойынша, 2023 жылы ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіру көлемі 5%-ға жетеді. 2022 жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,11 млрд. кВт·сағ болды.
Өткен жылы жалпы қуаты 385 МВт, жалпы инвестиция сомасы 180 млрд. теңге 12 ЖЭК нысаны іске қосылды.
Қарашада Франциямен қуаты 1 ГВт (Total) жинақтауыштары бар ЖЭС салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Қуаты 1 ГВт (Masdar) ЖЭС салу қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.