Аукциондар
«Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» акционерлік қоғамы («KOREM» АҚ) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жөніндегі жобаларды іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықтың, сондай-ақ маневрлік генерация режимі бар жаңадан пайдалануға енгізілетін генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырушысы болып табылады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жөніндегі жобалар бойынша аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу Қазақстан Республикасының «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 7 тамыздағы № 280 «Аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушыны айқындау туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған бұйрықпен «KOREM» АҚ аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырушысы болып айқындалған.
Маневрлік генерация режимі бар жаңадан пайдалануға енгізілетін генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі аукциондық сауда-саттық Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 329 «Маневрлік генерация режимі бар жаңадан пайдалануға енгізілетін генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушыны айқындау туралы» бұйрығына сәйкес өткізіледі. Аталған бұйрықпен «KOREM» АҚ көрсетілген аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырушысы болып айқындалған.
«KOREM» АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді, сауда-саттық рәсімдеріне қатысушылар үшін ашықтық, айқындық, бәсекелестік және тең қолжетімділік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді.