ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда саттықты ұйымдастыру және өткізу

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту үшін құқықтық және экономикалық негіздерді қалыптастыру, жаңартылатын энергетика секторына инвестициялар тарту, жобаларды мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету және энергетиканың қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін азайту мақсатында 2009 жылғы 4 шілдедегі № 165-IV Қазақстан Республикасының «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңы қабылданды.

Аталған Заңға сәйкес, жаңартылатын энергия көздері – табиғи процестердің есебінен үздіксіз жаңарып отыратын энергия көздері болып табылады. Оларға күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, судың гидродинамикалық энергиясы, геотермалдық энергия (топырақтың, жерүсті және жерасты су объектілерінің жылуы), сондай-ақ бастапқы энергетикалық ресурстардың антропогендік көздері, оның ішінде тұтыну қалдықтары, биомасса, биогаз және тұтыну қалдықтарынан алынатын әрі электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын өзге де отын түрлері жатады.

Аталған Заңның ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 466 бұйрығымен аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу тәртібін белгілейді.

«Жасыл» энергетикаға көшу Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағыт елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған.

ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша өткізілетін аукциондық сауда-саттық жаңартылатын энергетика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі тетігі болып табылады және инвестициялық жобаларды ашық, бәсекелі әрі тиімді іріктеуді қамтамасыз етеді.

Аукциондық сауда саттықты ұйымдастыру және өткізу қызметтері

«KOREM» АҚ аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырушысы ретінде аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу қызметін көрсетеді. Аталған қызметтерге мыналар кіреді:

  • аукциондық сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу;
  • ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу;
  • аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың сауда операторларына сауда жүйесімен жұмыс істеу бойынша нұсқама өткізу;
  • аукциондық сауда-саттықты өткізу кезінде сауда жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Қызметтердің құны

«KOREM» АҚ-ның аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу қызметтері үшін төлем аукциондық сауда-саттыққа қатысушылар тарапынан жобаның белгіленген қуатына қарай жүзеге асырылады:

  • микрогенерация (0,1 МВт-тан 1 МВт-қа дейін) – 499 603 теңге (ҚҚС есепке алынбай);
  • шағын генерация (1 МВт-тан 10 МВт-қа дейін қоса алғанда) – 749 404 теңге (ҚҚС есепке алынбай);
  • ірі генерация (10 МВт-тан жоғары) – 2 200 000 теңге (ҚҚС есепке алынбай).