ЭТН есеп айырысу орталығы
Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады және электр энергиясын өндіру мен тұтынудың нақты және жоспарлы көлемдері арасындағы теңгерімсіздіктерді физикалық және қаржылық реттеуді қамтамасыз етеді. Оның жұмыс істеуі нарық субъектілерінің жоспарланған кестелерді сақтау жауапкершілігін арттыруға, оларды ауытқуларды азайтуға ынталандыруға, сондай-ақ туындайтын теңгерімсіздіктер құнын әділ әрі атаулы бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №112 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 6 маусымдағы №211 бұйрығына сәйкес «Қазақстан электр энергиясы мен қуаты нарығының операторы» акционерлік қоғамы («KOREM» АҚ) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес теңгерімдеуші электр энергиясы мен теріс теңгерімсіздіктерді орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының есеп айырысу орталығы болып айқындалды.
Теңгерімдеуші нарықтың қатысушылары болып электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының субъектілері, теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығы және жүйелік оператор табылады. Теңгерімдеуші нарыққа қатысу үшін субъектілер есеп айырысу орталығымен теңгерімдеуші электр энергиясы мен теріс теңгерімсіздіктерді сатып алу-сату шартын, сондай-ақ өзара есеп айырысуларды жүргізу тәртібін айқындайтын электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының барлық субъектілерімен қосылу шартын жасасады. Сонымен қатар субъектілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті теңгерімдеу аймағы шегінде теңгерімдеуші нарыққа қатысу жөніндегі жауапкершілікті теңгерім провайдеріне беру мүмкіндігі ұсынылады.
Теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығы теңгерімдеуші электр энергиясы мен теңгерімсіздіктердің сағаттық көлемдерін есептейді, сондай-ақ қатысушылардың міндеттемелері бойынша өзара есеп айырысуларды жүргізу үшін өзара есепке алуды жүзеге асырады.
Есеп айырысу орталығының қызметі есептеулердің ашықтығы мен объективтілігін, теңгерімдеуші нарықтың қаржылық тұрақтылығын, қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай қағидаларын сақтауды және Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.