Орталық Азия энергетикалық трансформация табалдырығында — ҚР Энергетика министрі
Астана қаласында өткен RES-2026 өңірлік экологиялық саммиті аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Азия даму банкінің қатысуымен ұйымдастырылған «Орталық Азияның орнықты энергетикалық болашағын қамтамасыз ету: таза энергия және инновациялар» атты негізгі сессия өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, Азия даму банкі мен БҰҰ ЕЭК-ті қоса алғанда халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ энергетика секторының жетекші сарапшылары мен бизнес өкілдері қатысты.
Сессияны ашу барысында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Орталық Азияның таза энергетиканы дамыту үшін елеулі әлеуеті бар екенін және энергетикалық ауысудың маңызды өңірлік орталығына айналуы мүмкін екенін атап өтті. Сөзінде ол декарбонизация, энергетикалық қауіпсіздік және орнықты экономикалық өсу арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
Сессияның бірінші бөлігінде қатысушылар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия сақтау жүйелерін қоса алғанда инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ өңірлік энергетикалық интеграция мен инвестиция тарту перспективалары мәселелерін талқылады. Аралас қаржыландыру тетіктері мен инвестициялық тәуекелдерді төмендету құралдарына ерекше назар аударылды.
Талқылаудың екінші бөлігі әділ энергетикалық ауысу мәселелеріне, оның ішінде адами капиталды дамыту, әлеуметтік орнықтылық және жергілікті қауымдастықтарды тартуға арналды. Қатысушылар Қазақстанның климаттық жағдайларын да ескере отырып, энергетика секторын трансформациялаудың технологиялық және әлеуметтік аспектілерін ескеретін кешенді тәсілдерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сессия қорытындысы бойынша өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, саясатты үйлестіру және тәжірибе алмасу Орталық Азиядағы энергетикалық ауысуды жеделдетудің негізгі факторлары болып табылатыны атап өтілді. Қазақстан орнықты энергетиканы дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және осы саладағы халықаралық серіктестікті нығайтуға өз адалдығын растады.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және елдің сенімді әрі орнықты энергиямен жабдықталуын қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастырады.
Дереккөз: ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1206994?lang=kz