Цифрлық майнерлер үшін орталықтандырылған сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу шеңберінде «KOREM» АҚ қызметтердің екі түрін көрсетеді:

  1. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу.
  2. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуге арналған сауда жүйесінің дайындығын қамтамасыз ету.

Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу қызметі мыналарды қамтиды:

  • «Бір күн бұрын» режимінде электр энергиясының күн сайынғы орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу;
  • орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған электр энергиясын сатып алу-сату мәмілелерін тіркеу және есепке алу;
  • орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмілелердің орындалуына мониторинг жүргізу;
  • орталықтандырылған сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша Жүйелік оператормен және Бірыңғай сатып алушымен өзара іс-қимыл жасау.

«KOREM» АҚ-ның электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметі үшін төлемді көтерме электр энергиясы нарығының субъектісі – орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушы жүзеге асырады. Төлем мөлшері орталықтандырылған сауда-саттық барысында сауда жүйесінде тіркелген электр энергиясын сатып алу-сату мәмілелерінің көлемінен 1 кВт·сағ үшін 0,0035 теңгені (ҚҚС-сыз) құрайды. Аталған тариф «Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу» қызметіне арналған тарифті түзету қажеттілігі туралы Басқарманың 2025 жылғы 29 қыркүйектегі №03-02/24 күндізгі отырысының хаттамасына сәйкес белгіленген.

Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуге арналған сауда жүйесінің дайындығын қамтамасыз ету қызметі мыналарды қамтиды:

  • электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу үшін сауда жүйесінің тұрақты жұмысқа қабілетті күйін қамтамасыз ету;
  • көтерме электр энергиясы нарығы субъектілерінің Қазақстан Республикасындағы орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысу критерийлері мен талаптарына сәйкестігін айқындау;
  • көтерме электр энергиясы нарығы субъектілерін орталықтандырылған сауда-саттықта қалыптасқан электр энергиясының индикативтік бағалары және өзге де нарықтық ақпаратпен қамтамасыз ету;
  • көтерме электр энергиясы нарығына қатысушыларға сауда жүйесімен жұмыс істеу бойынша нұсқама жүргізу;
  • электр энергиясы нарығына мониторинг жүргізу;
  • көтерме нарық субъектілеріне екіжақты шарттар жасасу кезінде ақпараттық қолдау көрсету.

«KOREM» АҚ-ның электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуге арналған сауда жүйесінің дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі үшін төлемді 2018 жылғы 1 мамырдан бастап көтерме электр энергиясы нарығының субъектілері көтерме электр энергиясы нарығындағы электр энергиясын сатып алу және сату көлемінен төлейді. Қызмет құны 1 кВт·сағ үшін 0,0056 теңгені құрайды. Аталған тариф «Орталықтандырылған сауда-саттықты өткізуге арналған сауда жүйесінің дайындығын қамтамасыз ету» қызметіне арналған тарифті түзету қажеттілігі туралы Басқарманың 2025 жылғы 29 қыркүйектегі №03-02/24 күндізгі отырысының хаттамасына сәйкес белгіленген.